Футболдан Чемпиондар лигасында «Бавария» «Барселонадан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Чемпиондар лигасында «Бавария» «Барселонадан» басым түсті

Аталған турдағы басты ойын С тобындағы «Бавария» (Германия) және «Барселона» (Испания) командалары арасында өтті.

Әлемдік футболда екі команда тәжірибелі ұжымдар қатарында саналады. Құрамында көптеген мықты ойыншылар бар.

Оған қоса ұзақ жылдар бойы «Бавария» жейдесін киген Роберт Левандовски биыл «Барселонада» тер төгеді.

Ойын барысында екі команда тартысты ойын өткізді. Алаң иелері ширақ қимылдап қарсыластар қақпасына екі гол соғып кетті. Оны Лукас Эрнандес 50, Лерой Зане 54-минуттарда өзінің еншісіне жазды.

Осылайша «Бавария» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде алты ұпаймен бірінші орынға көтерілді.

Аталған турдағы ойын нәтижесі:

А тобы: «Ливерпуль» (Англия) - «Аякс» (Нидерланд) 2:1

Ал «Глазго Рейнджерс» (Шотландия) - «Наполи» (Италия) кездесуі 14 қыркүйекке ауыстырылды.

В тобы: «Порту» (Португалия) - «Брюгге» (Бельгия) 0:4, «Байер» (Германия) - «Атлетико Мадрид» (Испания) 2:0

С тобы: «Виктория Пльзень» (Чехия) - «Интер» (Италия) 0:2, «Бавария» (Германия) - «Барселона» (Испания) 2:0

D тобы: «Спортинг» (Португалия) - «Тоттенхэм Хотспурс» (Англия) 2:0, «Марсель» (Франция) - «Айнтрахт» (Германия) 0:1

Енді үшінші тур ойындары 4 қазан күні өтеді.

Ал бүгін, 14 қыркүйекте E, F, G, H топтарындағы ойындар болады.

Еске салсақ, UEFA Чемпиондар лигасында алғашқы тур ойналды.


Фото: uefa.com