Футболдан Чемпиондар лигасында бүгін Вильярреал Ливерпуль командасымен кездеседі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 3 мамырда футболдан UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалының қарымта ойындары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнирдің аталған сатысындағы алғашқы ойында Испанияның «Вильярреал» және Англияның «Ливерпуль» командалары кездеседі. Ойын «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Ливерпуль» қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Командалар бұған дейін 2016 жылы Еуропа лигасы жартылай финалында жолыққан болатын. Алғашқы кездесуде «Вильярреал» 1:0 есебімен жеңіске жетсе, қарымта ойында «Ливерпуль» қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Алдағы кездесуге испаниялық клуб сапынан Альберто Морено жарақатына байланысты қатыса алмайды. Ағылшын командадан барлығы қарымта кездесуге дайын.
Сондай-ақ, 4 мамырда «Реал Мадрид» (Испания) және «Манчестер Сити» (Англия) командалары шеберлік байқасады. Алғашқы ойында 4:3 есебімен ағылшындық клуб жеңіске жетті.