Футболдан ел біріншілігі: Екі ойында алаң иелері басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, еліміздің үш қаласында футболдан Қазақстан біріншілігінің 20-тур ойындары өткізілуде. Қазірге дейін Астана мен Қызылорда қалаларында болған ойындар аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігі: Екі ойында алаң иелері басым түсті

Бұл турдағы алғашқы ойын Қызылорда қаласында болды. Жергілікті «Қайсар» Петропавлдың «Қызылжар» командасымен шеберлік байқасты. Алаң иелері биыл өз алаңында сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Олар соңғы рет үстіміздегі жылдың 9 мамырында Қарағандының «Шахтерін» 3:0 есебімен жеңген болатын. Сондай-ақ, биыл Премьер-лигаға қайта оралған «Қызылжар» 2008 жылы 28 сәуірде «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңіп кеткен еді. Содан бері петропавлдықтар бірінші лигада ойнады.

Яғни, қос команда 10 жылдан кейін биыл үздіктер қатарында қайта жолықты. Алғашқы айналымдағы кездесуде Петропавлда екі клуб 0:0 есебімен тең түскен еді. Бүгінгі ойынның бірінші кезеңінде «Қайсар» сапынан Марк Гурман мен Матиас Курьор екі гол соқса, тоқсан минут түгесілер тұста «Қызылжар» ойыншысы Мирослав Лечич әуелеп келген допты қақпаға баспен бағыттады. Есеп 2:1. «Қайсар» өз алаңында биыл осылайша небәрі екінші жеңісіне қол жеткізді. Жалпы, бұл - «Қайсардың» ел біріншілігіндегі бесінші жеңісі.

Елордада жергілікті «Астана» «Атырау» командасын қабылдады. Бұл турнир кестесіндегі бірінші және соңғы орында келе жатқан футбол клубтары арасындағы ойын екені белгілі. Қазір «Астана» Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңіне қатысып жатқанына қарамастан ел біріншілігінде де сенімді ойын көрсетіп келеді. «Атыраумен» кездесуде де сол қарқынынан таймады. Астаналық команда Юрий Логвиенко мен Сергей Малый соққан қос голдың нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетелік, «Атырау» соңғы рет елордада «Астанадан» осыдан бес жыл бұрын басым түскен еді. «Астана» енді Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі Данияның «Мидтьюлланд» командасымен ойынға дайындалады.

Кездесу 1 тамыз күні өтеді.

Дәл қазір Оралда «Ақжайық» пен «Ақтөбе» ойнап жатыр. Бұл кездесу Астана уақытымен 20.00-де басталды. Ертең, 29 шілдеде аталмыш турдағы 3 кездесу өтеді. Алматыда «Қайрат» пен «Тобыл», Павлодарда «Ертіс» пен «Шахтер» және Шымкентте «Ордабасы» мен «Жетісу» командалары жасыл алаңға шығады.