Футболдан ел біріншілігі: «Қайрат» Қарағандыда «Шахтермен» тең түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-турында Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Алматының «Қайрат» командалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігі: «Қайрат» Қарағандыда «Шахтермен» тең түсті

Қос команда турнир кестесінде бірі алдыңғы, екіншісі соңғы орындарда келеді. Биыл кеншілер жанкүйер сенімінен шыға алмады. Көп кездесуде қарсыластарына есе жіберіп алып жүрген жайы бар. Соның салдарынан турнир кестесінде соңғы орындарды місе тұтқан. Бірнеше жыл қатарынан екінші орыннан әріге аса алмай меселі қайтып жүрген «Қайрат» үшін де әрбір біріншіліктің мәні зор. Қазір олар турнир кестесінде басты қарсыласы - «Астананы» бірнеше ұпайға ұзатып алды. Дегенмен осы турда «Астана» сырт алаңда «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең түсіп, «Қайратқа» әлі де чемпиондықтан үміт үзбейтін мүмкіндік жасаған еді.

Сол себепті «Қайрат» Қарағандыға тек жеңіс үшін келді деп айта аламыз. Олар бейсенбіде сырт алаңда Голландияның «АЗ Алкмаар» командасын қос ойынның нәтижесінде (2:0, 0:0) орта жолда қалдырып https://kaz.inform.kz/news/kayrat-tungysh-ret-europa-ligasynyn-ushinshi-irikteu-kezenine-shykty_a3342353, мерейі тасып тұрған жайы бар. Сондықтан бас бапкер Карлос Алос Феррер алғашқы минуттан Стас Покатилов, Станислав Лунин, Айбол Әбікен және Георгий Жуков сынды жігіттерді қосты. Ал Андрей Аршавин, Адерионсола Эсеола сынды негізгі құрамдағы жігіттерге демалыс берді. Ал команда капитаны Бауыржан Исламхан алған жарақатына байланысты Қарағандыға келген жоқ.

Десе де алаң иелері оларға лайықты төтеп бере білді. Бірінші кезеңде қос команда шабуыл алмасты. Олардың ешқайсысы діттеген мақсатына жете алған жоқ. Бірінші кезеңде таразы басы тең тұрды. Екінші кезең ойламаған жерден «Қайратқа» тосынсый әзірлеген секілді. «Шахтер» командасы алматылық клуб қақпасынан саңылау тауып, есеп ашып кетті. «Эгон Вух ойының 54-минутында гол салды. Бұған дейін алаң иелері қақпасының кілтін таба алмай жүрген «Қайрат» үшін жағдай одан әрі қиындай түсті. «Қайраттың» испаниялық бас бапкері осыдан кейін Андрей Аршавин және Адерионсола Эсеоланы қосты. Десе де «Шахтер» қорғаныс шебінде сенімді ойын көрсете алды. Ал 92-минутта алаң иелері қақпасына пенальти белгіленді. Оны Андрей Аршавин мүлтксіз орындады. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл - ресейлік жартылай қорғаушының биылғы біріншіліктегі 8 голы.

Кеше бұл турдағы үш ойын өткізілді. Өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуы» Оралдың «Ақжайығымен» , Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе» елордалық «Астанамен» 1:1 есебімен тең түссе, Атырауда жергілікті «Атырау» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бүгін Петропавлда жергілікті «Қызылжар» Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен басым болса, Қостанайда «Тобыл» мен «Ордабасы» арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең түсті.

«Қайрат» енді Еуропа лигасындағы үшінші іріктеу кезеңіне дайындалады. Енді олар Чехияның «Сигма» командасымен шеберлік байқасады. «Қайрат» 9 тамызда сырт алаңда, 16 тамызда өз алаңында ойнайды.