Футболдан ел біріншілігі: «Жетісу» Шымкентте «Ордабасын» жеңіп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 шілдеде еліміздің үш қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 20-тур ойындары болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Павлодарда «Ертіс» Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Бұл ойында «Ертіс» сапынан бразилиялық Родриго 56-минутта есеп ашқан еді. Оған «Шахтер» қатарынан черногориялық Дамир Кояшевич 64-минутта жауап қайырды. Ойында қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты.
Ал Шымкенттегі «Ордабасы» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасындағы кездесуде қонақтар алғашқы болып есеп ашты. 15-минутта талдықорғандық Мантас Куклис өз командасын алға шығарса, 31-минутта Эдгар Малакян есепті үстемелей түсті. Есеп 2:0, «Жетісу» алға шықты. Ал «Ордабасы» сапынан Абдуллай Диакате 67-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындап, есеп айырмасын қысқарта түсті. Ойын 2:1 есебімен «Жетісудың» жеңісімен аяқталды.
Өткен турда өз алаңында «Ордабасы» «Қайратты» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Жетісу» дәл осы есеппен Талдықорғанда «Ақтөбеге» жол берді.
Естеріңізге сала кетелік, 28 сәуірде ел біріншілігінде 3 ойын болып өтті. Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1, «Астана» «Атырауды» 2:0 есебімен жеңсе, «Ақжайық» пен «Атырау» командалары 1:1 есебімен тең тарқасты.
Келесі 21-тур ойындары 4 және 5 тамыз күндері болады. Бұл турда 4 тамызда «Жетісу» мен «Ақжайық», «Атырау» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Астана» командалары кездеседі. Ал 5 тамызда «Шахтер» мен «Қайрат», «Тобыл» мен «Ордабасы», «Қызылжар» мен «Ертіс» командалары шеберлік байқасады.