Футболдан ел біріншілігінде «Астана» «Қайратты» ойсырата жеңді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 23-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турда көш басында келе жатқан төрт команда өзара кездесті.

Қостанайда «Тобыл» бірінші орында келе жатқан «Ақтөбемен» кездесті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды Серікжан Мужиков 87-минутта пенальтиден соқты.

Ал Алматыда жергілікті «Қайрат» елордалық «Астана» командасын қабылдады. Әлі де чемпиондыққа таласып келе жатқан елордалық клуб аталған ойында алаң иелері қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Кездесу барысында «Астананың» жартылай қорғаушысы Тимур Досмағамбетов 10, 58, 88, 90-минуттарда қарсылас команда қақпасын дәл көздеп, покердің авторы атанды.

Осылайша «Астана» клубы «Ақтөбеден» бір ұпайға ғана қалып тұр. Чемпиондық тағдыры алдағы ойындарда шешіледі.

Сондай- ақ, бүгін Петропавлдың «Қызылжары» «Атыраудан» 3:1 есебімен басым түсті.

Ал 14 қазанда Түркістан облысының «Мақтаралы» сырт алаңда Ақтаудың «Каспийін» 4:2 есебімен тізе бүктірсе, Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразбен» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Тағы екі кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңсе, Түркістанның «Тұраны» сол есеппен Павлодар облысының «Ақсуына» жол берді.




Соңғы жаңалықтар