Футболдан ел біріншілігінде «Астана» көш басына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық «Астана» өз алаңында «Атырауды» 5:1 есебімен ойсырата жеңді.
Ойын барысында алаң иелерінен Абат Айымбетов 7, Педро Эуженио 9, 45, 67, Марион Томаслов 61-минуттарда мергендік танытса, оған атыраулық командадан Павел Долгов 48-минутта бір голмен жауап қайырды.
Аталған жеңісінен кейін «Астана» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Десе де, олардың басты қарсыласы – «Ақтөбенің» бір ойыны кем.
Сондай-ақ, бүгін сырт алаңда Қостанайдың «Тобылы» Түркістан облысының «Мақтаралына» 1:2 есебімен жол берсе, Алматының «Қайраты» Қарағандының «Шахтерінен» 2:0 есебімен басым түсті.
Ал, «Ақжайық» (Орал) пен «Қызылжар» (Петропавл) 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Енді 24 қазанда «Тараз» бен «Каспий» (Ақтау), «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» мен «Тұран» (Түркістан) командалары кездеседі.