Футболдан ел біріншілігінде Қайрат төрт ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі тоғызыншы турында Алматының «Қайраты» Петропавлдың «Қызылжарымен» тең түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігінде Қайрат төрт ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді

Алматы қаласында өткен ойында қос команда негізінен шабуылға иек артты. Десе де олар қолайлы сәттерді тиімді пайдалана алған жоқ.

Ойынның 7-минутында алматылық клубтан Рикардо Алвеш қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан олар қарсыласына лайықты төтеп берді.

«Қайрат» ойыншысы Сұлтанбек Астанов 45-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған 64-минутта «Қызылжар» командасынан Дарко Зорич бір голмен жауап қайырды.

Осылайша екі команда 1:1 есебіне қанағат білдірді. Алматылық клуб қатарынан төрт ойында қарсыластарын жеңе алмай келеді.

Еске салсақ, бүгін «Ақтөбе» «Ақжайықты» 2:1, «Шахтер» «Тобылды» 4:1 есебімен ұтты.

Сондай-ақ, кеше, 1 мамырда «Атырау» «Ордабасын» ұтса, «Астана» «Тұранмен» тең ойнады.

Дәл қазір «Ақсу» мен «Каспий», «Мақтаарал» мен «Тараз» командалары кездесуде.