Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» «Ақтөбеден» жеңілді

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он бірінші турында қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда «Ақтөбеге» есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» «Ақтөбеден» жеңілді

Өткен жылғы ел чемпионы «Тобыл» биылғы доп додасын ала-құла өткізіп келеді. Қазір турнир кестесінде небәрі жетінші орында тұр.

Бүгін қостанайлық команда сырт алаңда «Ақтөбемен» кездесті. Ойын барысында алдымен ақтөбелік ұжымнан Сердер Сердеров 54-минутта есеп ашса, оған 79-минутта «Тобыл» ойыншысы Алекс Аманович бір голмен жауап қайырды. Жеңіс голын кездесу бітер сәтте ақтөбелік командадан Жерар Гоу соқты.

Осылайша «Ақтөбе» қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Олар турнир кестесінде бесінші орынға көтерілсе, «Тобыл» жетінші орынды місе тұтты.

Сондай-ақ, бүгін қарағандылық «Шахтер» шымкенттік «Ордабасыны» 1:0, елордалық «Астана» алматылық «Қайратты» 6:0, павлодарлық «Ақсу» түркістандық «Тұранды» 2:0 есебімен жеңді.

Ал «Атырау» мен петропавлдық «Қызылжар» 3:3 есебімен тең түсті.

Ертең, 15 мамырда «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Каспий» (Ақтау), «Тараз» бен «Ақжайық» (Орал) командалары жасыл алаңға шығады.