Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» «Қайраттан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 18-турында Қостанайдың «Тобылы» «Қайраттан» басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» «Қайраттан» басым түсті

Бұл ойын аталған турдағы басты кездесудің бірі болды. Турнир кестесінде екі команда қатарлас келе жатқан еді. Жеңген команда алғашқы үштікке көтерілетін.

Қостанайлық клуб ойын басынан тізгінді өз қолына алуға күш салды. Нәтижесінде бірінші кезеңде Игорь Сергеев 26, Айбар Жақсылықов 42-минуттарда гол соғып, «Тобыл» командасын алға шығарды. «Қайрат» шабуылшысы Артур Шушеначев 53-минутта есеп айырмасын қысқартқан еді. Ойынның 76-минутында Игорь Сергеев тағы да көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Гүлжігіт Алықұлов 90-минутта пенальтиді шебер орындады.

Осылайша «Қайрат» өз алаңында қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді. «Тобыл» 32 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Дәл қазір «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл) кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірге есеп 0:0.

Аталған турды 21:00-де «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Ақжайық» (Орал) ойыны түйіндейді.

Аталған турда 4 қыркүйекте өз алаңында «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийінен» 3:2 есебімен басым түссе, Павлодар облысының «Ақсуы» Түркістан облысының «Мақтаралын» 4:2 есебімен жеңді.

Сондай-ақ Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Түркістанның «Тұранына» 1:2 есебімен жол берді.

Тағы бір кездесуде Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Таразды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.