Футболдан ел чемпионатында «Ақтөбе» қатарынан бесінші мәрте жеңіске жетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің кейінге қалдырылған тур ойындары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен павлодарлық «Ақсу» үшінші турдың кейінге қалдырылған ойынында шеберлік байқасты.
Ойынның бірінші кезеңінде алаң иелері қатарынан Тоқтар Жаңғылышбай 9, Роман Муртазаев 38, Иван Граф 45-минуттарде мергендік танытты. Оған павлодарлық клубтан Асыланбек Кәкімов 59, Еркебұлан Тұңғышбаев 81-минутта екі голмен жауап қайырып, есеп айырмасын қысқартқан еді.
Ойынның 90-минутында қарағандылық клубтан Рохер Каньяс пенаальтиді мүлтіксіз орындап, кездесу нүктесін қойды.
Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесуде Түркістанның «Тұраны» өз алаңында «Ақтөбеге» 0:2 есебімен жол берді. Ойын барысында ақтөбелік клубтан Уго Видемонт 34 , Сердер Сердеров 78-минутта гол соқты.
Ақтөбелік клуб қатарынан бесінші мәрте жеңіске жетіп, 29 ұпаймен «Ақтөбе» турнир кестесінде көш басына шықты.
Айта кетсек, футболдан Қазақстан біріншілігінде 26 тамызға дейін үзіліс жарияланған.
Енді Қазақстан кубогының екінші тур ойындары өткізіледі. Аталған тур 15, 16, 17 шілде күндері болады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан бірінші лигада «Жетісу» «Қайсардан» басым түсті.