Футболдан ел чемпионатында «Астана» екінші орынға көтерілді

Елордалықтар чемпиондықтан үміткер команданың бірі болса, оралдықтар турнир кестесінде 13-орынға қайтадан сырғып кеткен еді.
Бірден айту керек, бұл ойында «Ақжайықта» бірқатар өзгерістер болды. Әсіресе, команданың сұрмергені, грузиялық шабуылшы Тома Табатадзенің қосалқы құрамға да енбеуі жанкүйерлер үшін түсініксіз еді.
Бірінші тайм алма-кезек шабуылмен өтті деуге болады. 32-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін «Астана» сапындағы беларусь қорғаушысы Денис Поляков қақпаны дәл көздеді – 1:0. Бұдан кейін қонақтардың таразы басын теңестіретіндей мүмкіндігі болды, бірақ доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты.
Екінші кезеңде оралдықтар көбірек шабуылдағанымен, одан ештеңе өнген жоқ. Есесіне 84 және 86-минутта Педро Эуженио мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді. 92-минутта Марин Томасов матчтың нүктесін қойды – 4:0.
Осылайша, «Ақжайықты» ірі есеппен ұтып, ұпай санын 34-ке жеткізген астаналықтар турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Келесі турда 10 қыркүйекте «Ақжайық» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдаса, «Астана» Ақтауға қонаққа барады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Шахтердің» «Таразды» тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ