Футболдан ел чемпионатында «Каспий» мен «Ақжайық» тең тарқасты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 25-турында «Каспий» Ақтауда Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтаулықтар турнир кестесінде 30 ұпаймен 8-орында тұрса, оралдықтардың жағдайы мүшкіл, соңғы сатыда еді. Сондықтан, «Ақжайыққа» ұпай керегірек болды.
Бірінші таймда алаң иелері қауіптірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.
Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайықтың» мүмкіндіктері болғанымен, оны пайдалана алмады. Қорытынды есеп – 0:0.
Осылайша, небәрі 25 ұпай жинаған оралдықтар бұрынғысынша көш соңында қалды.
Ел чемпионатының соңғы турында «Ақжайық» 6 қараша күні өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдаса, ақтаулықтар Петропавлда «Қызылжармен» ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Мақтаарал» «Ақжайықты» жеңгенін жазған болатынбыз.











Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ