Футболдан Еуропа чемпионаты: Украина Румыниядан ойсырай жеңілді

Футболдан Еуропа чемпионаты: Украина Румыниядан ойсырай жеңілді
Фото: UA-Football

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының төртінші ойын күнінде E тобындағы Румыния құрамасы Украинадан басым түсті.

Жанкүйерлер қос құрама тарапынан қызықты ойын күткен еді. Десе де румыниялық футболшылар жинақы қимыл көрсетті. Ойынның 29-минутында Николае Станчу есеп ашты. Бұдан кейін украиналық құрама таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан дегеніне жете алған жоқ.

Есесіне екінші кезеңде өз қақпасына тағы екі доп жіберіп алды. Оны Рэзван Марин 53, Денис Дрэгуш 57-минутта өзінің еншісіне жазды. Осылайша Румыния қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Енді Е тобында Бельгия мен Словакия ойыны өтеді. Бүгінгі ойындарды D тобындағы Австрия мен Франция кездесуі түйіндейді. Матчтар Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, 16 маусымда С тобында Словения мен Дания 1:1 есебіне қанағат білдірсе, Англия Сербияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.

D тобында Польша Нидерланд құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар