Футболдан Еуропа чемпионаты: Бельгия мен Дания 1/8 финалға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңінде В тобында 1/8 финалға шыққан құрамалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Еуропа чемпионаты: Бельгия мен Дания 1/8 финалға  шықты

Бұл топта Бельгия құрамасы алғашқы екі турда ұпай жоғалтқан жоқ. Сол арқылы жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама тағдырын шешіп қойды. Ал қалған үш құраманың да 1/8 финалға шығатын мүмкіндігі бар болатын.

Ресей мен Дания өзара бақ сынасып, жеңімпазды анықтауға тырысты. Бұл жағдайда даниялық құраманың жеңіске жетуге ұмтылатыны түсінікті еді. Нәтижесінде Миккель Дамсгор 38-минутында мергендік танытты. Ал 59-минутта Юссуф Поульсен есеп айырмасын ұлғайтса, 70-минутта ресейлік Артем Дзюба пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Даниялық Андреас Кристенсен 79, Йоаким Мехле 82-минутта есепті үстемелей түсті.

Кездесуде Дания қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, жарыстың плей- офф сатысына жолдама алды.

Ал Финляндия мен Бельгия арасындағы кездесуде бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде Лукаш Градецки финляндиялық 74-минутта өзінің қақпасына гол соғып алды. Ал 81-минутта бельгиялық Ромелу Лукаку қақпаны дәл көздеді.

Осылайша Бельгия Финляндияны 2:0 есебімен сүріндіріп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Айта кетейік, бұған дейін 1/8 финалға тікелей жолдама алған төрт құрама белгілі. Олардың қатарында А тобында Италия мен Уэльс, С тобында Нидерланды мен Австрия құрамалары бар.

Енді үшінші тур ойындары 23 маусымда D тобында өткізіледі. Бұл күні Хорватия мен Шотландия, Чехия мен Англия шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бүгін С тобында Нидерланды Солтүстік Македониядан 3:0, Австрия Украинадан 1:0 есебімен басым түсті.