Футболдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан жастары Шотландиямен тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінде өз алаңында Шотландиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кездесу барысында қос құраманың белсенділігі аңғарылып тұрды. Дегенмен есепті шотландиялық футболшылар ашты. Олардың қатарынан 25-минутта Рос Грахам мергендік танытты.

Екінші кезеңде шотландиялық тағы бір ойыншы Том Клейтон өз құрамасының басымдығын арттыра түсті. Ал 71-минутта Еркебұлан Сейдахмет пенальтиден есеп айырмасын қысқартса, 95-минутта Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестірді.

Осылайша Қазақстан жастары Шотландиямен 2:2 есебімен тең түсті. Нәтижесінде іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Айта кетсек, іріктеу турнирінде Қазақстан жастар құрамасы I тобында Бельгия, Дания, Шотландия және Түркиямен сынға түсуде. Әзірге алты ойыннан кейін бір ұпайға ие болды. Турнир кестесінде көш соңында тұр.

Енді еліміздің жастар құрамасы 4 сәуірде сырт алаңда Даниямен шеберлік байқасса, 10 маусымда сырт алаңда Түркиямен кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан жастары Қырғызстан олиимпиадалық құрамасынан 2:0 есебімен басым түсті.



Соңғы жаңалықтар