Футболдан Еуропа лигасы: «Вильярреал» командасы чемпион болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Еуропа лигасының биылғы жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Еуропа лигасы: «Вильярреал» командасы чемпион болды

Финалда «Манчестер Юнайтед» (Англия) мен «Вильярреал» (Испания) командалары кездесті. Ойын Польшаның Гданьск қаласындағы «Энерга Гданьск» стадионында болды.

Кездесу екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Есепті 29-минутта испаниялық Жерар Морено ашты. Оған 55-минутта ағылшындық клуб сапынан Эдинсон Кавани бір голмен жауап қайырды.

Негізгі кезеңде 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде «Вильярреал» клубының жолы болып, турнирдің жеңімпазы атанды.

Айта кетсек, «Манчестер Юнайтед» аталған турнирде 2016/2017 жылғы кезеңде чемпион атанған еді. Ал «Вильярреал» финалға тұңғыш рет шығып отыр.

Еске салсақ, жартылай финалда «Манчестер Юнайтед» Италияның «Рома» командасын (6:2, 2:3) артқа қалдырса, «Вильярреал» Англияның «Арсенал» клубының (2:1, 0:0) осал тұсын тапқан болатын.

Айта кетелік, 29 мамырда UEFA Чемпиондар лигасы финалында Англияның «Манчестер Сити» және «Челси» командалары кездеседі.