Франция футбол құрамасы Еуропа чемпионатының финал сатысына шықты

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы кезекті тур ойындары басталды, деп хабарлайды Kazinform.

футбол
Фото: Pixabay

Жанкүйерлер 13 қазаннан 14-не қараған түні В тобындағы Нидерланд пен Франция кездесуін асыға күтті.

Бес тур бойы жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген франциялық футболшылар бұл жолы да ұпай жоғалтпауға тырысты.

Нәтижесінде Килиан Мбаппе 7, 53-минутта дәлдігімен көзге түсті.

Бұл - франциялық жартылай қорғаушының аталған іріктеу сатысындағы төртінші және бесінші голы.
Оған нидерландтық Квилиндсхи Хартман 83-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша франциялық құрама қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдамаға ие болды.

Барлық ойын нәтижеcі:

В тобы: Ирландия - Грекия 0:2, Нидерланд - Франция 1:2
F тобы: Эстония - Әзербайжан 0:2, Австрия - Бельгия 2:3
J тобы: Исландия - Люксембург 1:1, Португалия - Словакия 3:2 , Лихтенштейн - Босния және Герцеговина 0:2

Енді C, G, H топтарында кезекті тур ойындары өтеді.

Еске салсақ, 14 қазаннан 15-не қараған түні елорда уақытымен 00:35-де Қазақстан құрамасының Данияға қарсы кездесуі өтеді.

Ойын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар