Футболдан Франция құрамасы Ұлттар лигасында қола жүлдеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасында Франция құрамасы қола жүлдеге ие болды. Килиан Мбаппе бастаған франциялық футболшылар 3-орын үшін Германиямен шеберлік байқасты.

Ойын басында неміс аяқдопшыларының басымдығы байқалды. Олардың тарапынан гол соғатын көптеген мүмкіндік болды. Десе де олар оны тиімді пайдалана алған жоқ. Есесіне франциялық футболшылар қарымта шабуыл ұйымдастырды. Осындай сәттердің бірінде Килиан Мбаппе 45-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесудің екінші кезеңінде Германия құрамасының ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда қарсыластар сапынан ойынның 84-минутында Килиан Мбаппе шығарған пасты оның әріптесі Майкл Олисе қақпа торында тулатты.
Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Португалия, Франция, Испания құрамалары чемпион болды.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2024 жылы Ұлттар лигасында В дивизионында үшінші топта Норвегия, Словения, Аустриямен бақ сынап, төртінші орынды місе тұтты. Салдарынан қайтадан С дивизионына түсіп қалды.
Енді Германияның Мюнхен қаласындағы «Мюнхен-Арена» стадионында қазақстандық уақытпен 23:50-де Португалия мен Испания жасыл алаңға шығады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.