Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты жолдамасына таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Астанада әлем чемпионаты іріктеу кезеңі плей-офф сатысында бүгін, 9 қазанда елордада Ирландиямен алғашқы кездесуін өткізеді.
Бұл ойындар 9 қазанда Қазақстан уақытымен 16:00-де «Астана Арена» стадионында өтсе, 13 қазанда 23:30-да Ирландияның Корк қаласындағы «Парк И Кив» стадионында болады.
Қазақстан әйелдер құрамасы маусым айында 2027 жылы әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінде С дивизионының 6-тобында Беларусь және Армения құрамаларымен сынға түсті. Бегайым Қырғызбаеваның шәкірттері 7 ұпай жинап, топта екінші орынды иеленді. Осылайша олар С лигасындағы екінші орын алған үздік құрамалар қатарына еніп, олар плей-офф кезеңінің бірінші раундына өтті.
Отандастарымыз Армения (3:0, 1:1), Беларусь (1:0, 0:1) құрамаларымен шеберлік байқасты. Жарыс ережесі бойынша өтпелі матчтарда А, В және С лигасы құрамалары 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама үшін бақ сынайды.
Бұл кезеңде жалпы есепте 7 тікелей жолдама және 1 құрлықаралық плей-офф жолдамасы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасының тізімі
Қақпашылар: Ангелина Портнова («Астерас Триполис», Грекия), Назым Исмайлова («БИІК-Шымкент»), Виктория Зейнали («Елімай»), Әсел Әнуарбек («Ұлытау»).
Қорғаушылар: Александра Бурова, Бибігүл Нұрышева (екеуі де – «БИІК-Шымкент»), Әсел Құртанова («Қызылжар»), Анастасия Власова («Ақтөбе»), Томирис Рахатжан («Қайрат»), Юлия Мясникова («Динамо», Ресей), Александра Набокова («Шахтер»), Кристина Шустова («Елімай»), Анеля Сұңқарова («Астана»), Аделия Бекқожина («Жеңіс»).
Жартылай қорғаушылар: Аида Гайстенова, Карина Жұмабайқызы Әселхан Тұрлыбекова, Екатерина Бабшук (бәрі – «Ақтөбе»), Анастасия Низамутдинова («Енисей», Ресей), Қазына Норбаева («Гурник Ленчна», Польша), Фатима Сатығалиева («Елімай»), Валерия Попова («БИІК-Шымкент»), Полина Осипова («Тобыл»).
Шабуылшылар: Назым Алданазар («Қайрат»), Анеля Мамырова («Елімай»), Әмина Бибосынова («Турбине Потсдам», Германия).
Әйелдер арасындағы оныншы әлем чемпионаты 2027 жылдың 24 маусымы мен 25 шілдесі аралығында Бразилияда өтеді. Оған үздік 32 ұлттық құрама қатысады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан UEFA Ұлттар лигасы төртінші турында Қазақстан құрамасы елордада Фарер аралдарымен тең ойнады.