Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының Ұлттар лигасындағы ойын кестесі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының UEFA Ұлттар лигасындағы ойын кестесі анықталды.

Қазақстан әйелдер құрамасының Ұлттар лигасындағы ойын кестесі
Фото: : Қазақстан футбол федерациясы

Жеребе қорытындысы бойынша біздің құрама C лигасының алтыншы тобына түсті. Бұл топта отандастарымыз Армения және Черногория құрамаларымен күш сынасады.

Жарыс 2027 жылдың ақпан айында басталады. Топ жеңімпазы B лигасына көтерілу мүмкіндігіне ие болады.

Жеребе алдында Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы С лигасында екінші себетке орналасты.

Бұл кезеңдегі ойындар 2027 жылдың 2 наурызы мен 15 маусымы аралығында өткізіледі. Отандастарымыз алғашқы кездесуінде 2 наурызда сырт алаңда Армениямен жасыл алаңға шықса, 20 сәуірде аталған қарсыласын өз алаңында қабылдайды.

Одан кейін 24 сәуірде өз алаңында Черногориямен ойнаса, 11 маусымда олармен сырт алаңда шеберлік байқасады.

С лигасындағы құрамалардың орналасуы төмендегіше:

Бірінші топ: Словакия, Хорватия, Болгария, Гибралтар

Екінші топ: Латвия, Әзербайжан, Грузия, Лихтенштейн

Үшінші топ: Израиль, Фарер аралдары, Солтүстік Македония, Андорра

Төртінші топ: Люксембург, Босния және Герцеговина, Эстония, Сан-Марино

Бесінші топ: Мальта, Молдова, Кипр

Алтыншы топ: Черногория, Қазақстан, Армения.

UEFA жеребе рәсіміне сәйкес, С лигасында 22 құрама алты топқа бөлінді. Оның төртеуінде төрт, қалған екеуінде үш командадан ойын көрсетеді.

Сондай-ақ А және В лигаларында құрамалар төмендегіше бөлінген.

А лигасы

Бірінші топ: Испания (қазіргі чемпион), Норвегия, Ирландия, Швейцария

Екінші топ: Франция, Англия, Аустрия, Португалия

Үшінші топ: Дания, Италия, Исландия, Уэльс

Төртінші топ: Германия, Нидерланд, Швеция, Шотландия.

В лигасы

Бірінші топ: Сербия, Бельгия, Албания, Румыния

Екінші топ: Украина, Чехия, Грекия, Литва

Үшінші топ: Польша, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Беларусь

Төртінші топ: Словения, Түркия, Венгрия, Косово.