Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Каспий» көш басына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі төртінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Каспий» көш басына шықты


Алғашқы екі турды сәтсіз өткізген елордалық «Астана» кейінгі ойындарда жинақы қимыл көрсетті. Қатарынан екі мәрте жеңіске жетті. Бүгін елорда клубы Түркістанда «Мақтарал» командасын 3:0 есебімен сүріндірді.

Өзге ойындарда өз алаңында «Каспий» «Ордабасыны», «Қызылжар» «Ақсуды» 2:1 жеңсе, «Тараз» «Атырауға» 0:1 есебімен жол берді. Ал «Ақтөбе» мен «Шахтер» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Енді 4 сәуірде тағы екі ойын өткізіледі. Алдымен, 16.00-де «Ақжайық» (Орал) мен «Қайрат» (Алматы) кездессе, 19.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады.

Бүгінгі нәтиже бойынша 10 ұпаймен «Каспий» командасы көш басына шықты. Одан кейінгі орындарда үш ойыннан кейін 7 ұпаймен «Шахтер»,«Қайрат» және «Тобыл» командалары келеді.