Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» «Ақжайықтан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 23-туры аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» «Ақжайықтан» басым түсті

Аталған турдың екінші ойын күнінде Алматының «Қайраты» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Ойын барысында алматылық клубтан Жоао Паоло 17, Небойша Косович 30, Артур Шушеначев 62-минутта мергендік танытты. Ал 88-минутта оралдық командадан Лука Имнадзе бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, тағы екі ойында «Тараз» бен «Атырау» 2:2 есебімен тең түссе, өз алаңында Ақтаудың «Каспийі» Петропавлдың «Қызылжарына» 1:2 есебімен жол берді.

Айта кетсек, 2 қазанда елордалық «Астана» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын», өз алаңында Қостанайдың «Тобылы» Шымкенттің «Ордабасысын» 3:1 есебімен жеңді.

Ал «Қайсар» Қызылордада «Ақтөбеден» 0:2 есебімен жеңілсе, «Тұран» (Түркістан) мен «Шахтер» (Қарағанды) 0:0 есебіне қанағат білдірді.