Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» «Астанадан» жеті ұпайға қалып қойды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі тоғызыншы турында Алматының «Қайраты» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарымен» тең түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» «Астанадан» жеті ұпайға қалып қойды

Бүгін аталған турдың екінші ойын күні өтіп жатыр. Жалпы барлығы төрт кездесу белгіленген.

«Қайрат» ойламаған жерден тағы да ұпай жоғалтты. Ойынның 28-минутында алматылық Денис Поляков есеп ашқан еді. Оған 78-минутта петропавлдық Әлібек Қасым бір голмен жауап қайырып, таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Нәтижесінде турнир кестесінде 16 ұпаймен «Қайрат» чемпиондықтан басты үміткер команданың бірі - «Астанадан» жеті ұпайға қалып қойды. Кеше елордалықтар сырт алаңда «Ақтөбеден» 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Одан кейін «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Үшінші кездесуде «Тобыл» «Таразды» 3:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ, бүгін аталған турда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақжайық» (Орал) пен «Жетісу» (Талдықорған), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайсар» (Қызылорда) шеберлік байқасады.