Футболдан Қазақстан біріншілігі: Төрт кездесуде тең нәтиже тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі бірінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алғашқы турдың шымылдығын ашқан «Ордабасы» (Шымкент) - «Мақтарал» (Түркістан облысы) командалары арасындағы ойында 1:1 есебі тіркелді.

Ал «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Атырау» мен «Ақсу» (Павлодар облысы), «Тұран» (Түркістан) мен «Тараз» ойындарында командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, «Каспий» (Ақтау) мен «Қызылжар» (Петропавл) кездесуінде ақтаулық клуб 1:0 есебімен басым түсті.

Ал 6 наурызда қалған екі ойын болады. Алдымен 15.00-де «Қайрат» (Алматы) мен «Ақтөбе», 17.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақжайық» (Орал) командалары ойнайды. Бұл күнгі екі ойын да «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, биылғы доп додасында барлығы 14 команда бақ сынайды. Олар екі айналым жүйесі бойынша шеберлік байқасады.



Соңғы жаңалықтар