Футболдан Қазақстан чемпионатында «Астана» екінші орынға көтерілді

футбол
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турында «Тұран» Шымкентте «Астана» командасын қабылдады.

Түркістандықтар көш соңындағы командалардың бірі болса, елордалықтар алдыңғы лекте келе жатқан еді. 

Бірінші таймда 5-минутта-ақ «Тұран» сапындағы Феди Бен Чоуг алаңнан қуылып, «Астана» басымдылыққа ие болды. Екінші кезеңде 56-минутта Алекса Аманович 11 метрлік айып добын дәл орындаса, 9 минуттан кейін Усман Камара есепті 2:0-ге жеткізді.

Осы ойыннан кейін 10 ұпай жинаған Григорий Бабаянның шәкірттері турнир кестесінде «Ақтөбені» қуып жетіп, екінші орынға көтерілді. 

Бұл турда өз алаңында Астананың «Жеңісін» қабылдаған қостанайлық «Тобылдың» көш басына көтерілетіндей мүмкіндігі бар еді. Бірінші таймда 17-минутта Игорь Иванович есепті ашқанымен, «Тобыл» сол басымдылықты сақтай алмады. 77-минутта Арби Манай таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. 

Осылайша, күтпеген жерден ұпай жоғалтқан «Тобыл» (9 ұпай) әзірше үздік үштікті түйіндеп тұр.

«Атырау» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. 51-минутта Николай Сигневич, сәлден соң Якоб Новак «Қызылжар» қақпасының кілтін тапты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионатында «Астана» мен «Тобылдың» тең тарқасқанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ «Жетісу» өз алаңында «Шахтерді» ұтты.

Соңғы жаңалықтар