Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Қайрат» төртінші мәрте жеңіске жетті
Төртінші турдағы алғашқы кездесу Ақтаудың «Каспий» және Алматының «Қайрат» командалары арасында өткізілді.
Бұл ойын карантиндік шараларға байланысты Алматы облысы Талғар қаласындағы оқу-жаттығу базасында болды.
Алғашқы үш турда жақсы нәтижеге қол жеткізген «Қайрат» бұл жолы да сүрінген жоқ. Қарсыластар қақпасына үш гол соғылды. Ойынның 9-минутында алматылық команда ойыншысы Нұрәлі Әліп пенальти арқылы өз клубын алға шығарды. Ол 52-минутта есепті үстемелей түсті. Ал 82-минутта «Қайраттың» тағы бір ойыншысы Артур Шушеначев қорытынды есепті белгіледі. Осылайша, «Қайрат» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Команда турнир кестесінде 12 ұпаймен көш басында тұр.
Сондай-ақ, бүгін Талдықорғанның «Жетісу» және Шымкенттің «Ордабасы», Жамбыл облысының «Тараз» және Петропавлдың «Қызылжар» командалары жасыл алаңға шығады.
Ал 19 тамызда Қарағандының «Шахтер» және Қызылорданың «Қайсар» командалары арасындағы кездесу болады. Бұл турдағы Қостанайдың «Тобыл» және елордалық «Астана» клубтарының кездесуі кейінге қалдырылды.