Футболдан Қазақстан кубогы 1/8 финалына қатысатын командалар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан кубогы іріктеу кезеңі арқылы 1/8 финалына шыққан екі команда анықталды.

Бүгін, 23 наурызда ақтаулық «Каспий» мен павлодарлық «Ертіс» кездесті. Бұл ойында ақтаулық командадан Мирас Тұрлыбек 6, Бақдәулет Көңлімқос 42, 63-минутта мергендік танытты.
Осылайша қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірген «Каспий» 1/8 финалға жолдама алды.
Ал 22 наурызда алматылық «Хан тәңірі» Павлодар облысының «Екібастұзын» 2:1 есебімен жеңген осындай мүмкіндікке ие болды.
Енді 1/8 финалда 12 сәуірде «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайсар» (Қызылорда), «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Елімай» (Семей), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Қайрат» (Алматы) пен «Каспий» (Ақтау) командалары жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ 13 сәуірде «Тұран» (Түркістан) мен «Атырау», «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Жеңіс» (Астана) мен «Ақтөбе», «Оқжетпес» пен «Астана» шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Уэльске есе жіберді.