Футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан командалар анықталды

Футбол
Фото: Goal.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алған барлық команда белгілі болды. 

Соңғы екі жолдамаға Семейдің «Елімай» және «Ақтөбе» командалары ие болды.

Семейлік клуб біріншілікте соңғы орынның бірінде келе жатқан Қарағандының «Шахтерімен» шеберлік байқасты. Өз алаңының дайын болмауына байланысты «Елімай» бұл ойынды Павлодар қаласында өткізуге мәжбүр болды.

Премьер-лигаға биыл қайта қосылған семейлік команда өз құрамына тәжірибелі футболшыларды қосты. Біріншілікте әзірге тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді. Десе де бүгінгі кездесуде олардың тарапынан жанкүйер көңілінен шығарлық ойын байқала қойған жоқ. Ойынның 50-минутында «Елімай» сапынан Шина мергендік танытса, 73-минутта қарағандылық клубтан Дмитрий Бачек таразы басын теңестірді. Ойынның 87-минутында Иван Свиридов семейлік команданың жеңіс голын соқты. Осылайша «Елімай» «Шахтерден» 2:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.

Ал, «Ақтөбе» мен «Жетісу» арасындағы кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 44 -минутта Дмитрий Бессмертный өзінің еншісіне жазды. Нәтижесінде қарсыласын 1:0 есебімен жеңген «Ақтөбе» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кубогы ойындары аясында «Тобыл» «Қайсарды», «Қайрат» «Тұранды» 3:0 , «Атырау» SD Family клубын 6:0, «Астана» «Жеңісті» 1:0, «Ордабасы» «Таразды» 2:0, «Қызылжар» «Оңтүстік академияны» 2:1 есебімен жеңді. 

Енді ширек финалда «Тобыл» мен «Астана», «Атырау» мен «Қайрат»,«Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Қызылжар» мен «Елімай» шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар