Футболдан Қазақстан кубогы: Алғашқы екі кезеңнің жеребесі тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының алғашқы екі кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан кубогы: Алғашқы екі кезеңнің жеребесі тартылды

Айта кетейік, аталған турнирдің алғашқы кезеңдеріне бірінші және екінші лиганың 14 футбол клубы қатысады.

Жеребе бойынша бірінші іріктеу кезеңінде «Игілік» (Жамбыл облысы) - СДЮСШОР № 8 (Нұр-Сұлтан), «Екібастұз» (Павлодар облысы) - «Ақсу» (Павлодар облысы) , «SD Family» (Нұр-Сұлтан) - «Қыран» (Шымкент), «Жас Қыран» (Шымкент) - «Мақтаарал» (Түркістан облысы), «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Жеңіс» (Нұр-Cұлтан) командалары кездеседі.

Екінші іріктеу кезеңінде «Рузаевка»-«Яссы-Түркістан» жұбының жеңімпазы «Оңтүстік академиясы» (Шымкент), «Игілік»-СДЮСШОР № 8 жұбының жеңімпазы «Алтай» (Шығыс Қазақстан облысы) клубтарымен шеберлік байқасады. Ал «Екібастұз»-«Ақсу» жұбының жеңімпазы «SD Family»-«Кыран», «Жас Қыран»-«Мақтаарал» жұбының жеңімпазы –«Оқжетпес»-«Жеңіс» жұптарының жеңімпазымен ойнайды.

Алғашқы екі кезеңде жеңімпаз бір ойын қорытындысы бойынша анықталады. Кездесулер жұпта бірінші көрсетілген командалардың алаңында өтеді.

Алғашқы кезеңнің барлық ойыны 22 сәуірде болады. Ал екінші кезеңнің ойындары 1 мамырға жоспарланған.