Футболдан Қазақстан кубогы: Бүгін екінші тур ойындары басталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңінің екінші туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан кубогы: Бүгін екінші тур ойындары басталады

Ойындар үш күнге белгіленген. Алдымен 16 және 17 шілде күндері үш-үштен ойын белгіленсе, 18 шілдеде екі кездесу өткізіледі.

Бүгін, 16 шілдеде «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Тобыл» (Қостанай) мен «Атырау», «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Ақтөбе» шеберлік байқасады.

Ал 17 шілдеде «Мақтаарал» (Түркістан облысы) мен «Тараз», «Ақжайық» (Орал) пен «Қайсар» (Қызылорда), «Қайрат» (Алматы) пен «Каспий» (Ақтау) жасыл алаңға шықса, 18 шілдеде №8 БЖМОРСМ (Нұр-Сұлтан) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) екінші турды түйіндейді.

Айта кетсек, биыл аталған дода жаңа талаптар бойынша ойналады.

Топтық кезеңде Премьер-лиганың 14 командасы мен іріктеу кезеңінен іркілмей өткен бірінші лиганың екі клубы төрт топқа бөлінген.

А тобында «Шахтер», «Ордабасы», «Қызылжар», СДЮСШОР №8, В тобында «Тобыл», «Тараз», «Атырау», «Мақтарал» клубтары шеберлік байқасады.

Ал С тобында «Астана», «Қайсар», «Ақтөбе», «Ақжайық», Д тобында «Қайрат», «Жетісу», «Каспий», «Тұран» командалары ойнайды.