Футболдан Қазақстан кубогы: «Қайрат» елордада «Астананы» ірі есеппен жеңді
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалы аясында алғашқы ойындар аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні елордалық «Астана» мен Алматының «Қайраты» өзара шеберлік байқасты.
Аталған ойынға түрлі себептерге байланысты елордалық клуб Марин Томасов, Тигран Барсегян, Исламбек Қуат және өзге де көшбасшы ойыншыларды қоса алған жоқ. Соған қарамастан бірінші кезеңде «Астана» футболшылары Стас Поактилов қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді.
Дегенмен бірінші кезеңнің 45-минутында алматылық клубтан Раде Дугалич мергендік танытты. Екінші кезеңде олардың қатарынан Хосе Канте 67, Артур Шушеначев 72-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Қайрат» сырт алаңда «Астананы» 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қарағандының «Шахтері» Қостанайдың «Тобылын» 5:2 есебімен тізе бүктірді.
Қарымта ойындар 20 мен 21 қарашаға белгіленген. Финал 28 қарашада өтеді.