Футболдан Қазақстан кубогы: Жартылай финалдың жеребесі тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалдық матчтарына жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, кеше ширек финал ойындары өтті. Онда жеңімпаз атанған «Тобыл», «Ордабасы», «Қайсар» және «Атырау» жартылай финалға жолдама алды.

Жарыстың аталмыш сатысы екі ойыннан тұрады. Жартылай финалдың алғашқы ойыны 22 мамырда өткізілсе, 19 маусымда қарымта кездесу болады.

Жартылай финалдың алғашқы кездесуінде «Тобыл» мен «Қайсар» жұп құраса, «Ордабасы» мен «Атырау» командалары өзара кездеседі. Бірінші ойын Қостанай және Шымкент қалаларында өткізіледі.

«Тобыл» Қазақстан кубогына 2007 жылы қол жеткізген еді. Сол жылы финалда Шымкенттің «Ордабасы» командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, қостанайлық клуб 2003 және 2011 жылдары финалға дейін жетті. Ал 2001 және 2008 жылдарда жартылай финалда сынға түсті.

Бүгінгі күнге дейін «Ордабасы» командасы 2011 жылы кубокқа қол жеткізіп, «Тобылды» 1:0 есебімен жеңіп кетті. 2007 жылы финалда сол «Тобылға» жол берсе, 2010 жылы жартылай финалға жолдама алды.

«Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті.1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады.

Ал «Атырау» 2009 жылы кубок иегері атанды. Сол жолы Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңген болатын. Соңғы екі жылда финалға дейін жетті. Сондай-ақ, 2001, 2004 және 2005 жылдарда жартылай финалға шыға алды.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматының «Қайраты» 9 мәрте Қазақстан кубогы иегері атанды. Одан кейінгі орындарда «Астана-1964» (бұрынғы «Жеңіс») пен «Астана» командаларында үш-үштен кубок бар. Ал «Ертіс», «Тараз», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау», «Қайсар», «Алма-Ата», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей), СКИФ-«Ордабасы» және «Қызылжар» командалары бір-бір мәрте жеңімпаз болды.

Соңғы жаңалықтар