Футболдан Қазақстан кубогында «Қайрат» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі үшінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турдағы соңғы ойында Алматыда жергілікті «Қайрат» Павлодар облысының «Ақсу» командасын 3:2 есебімен сүріндірді.
Кездесу барысында алматылық клубтан Вячеслав Швырев 38, Артур Шушеначев 58, Гүлжігіт Алыкулов 79, Данияр Үсенов 93-минуттарда гол соқты.
Оған павлодарлық клубтан Арман Смайылов 55, Мирас Тұрлыбек 91-минуттарда қос голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, «Ақжайық» (Орал) «Қызылжар» (Петропавл) командасын 1:0, «Жетісу» (Талдықорған) мен «Шахтер» (Қарағанды) 0:0 есебімен тең ойнады.
Ал «Тобыл» (Қостанай) өз алаңында «Мақтаарал» (Түркістан облысы) командасына 1:4 есебімен жол берді.
Еске салсақ, бұдан бұрын 22 шілдеде «Атырау» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасына 0:4 есебімен есе жіберсе, «Тараз» бен «Ақтөбе» командалары 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ, 23 шілдеде қызылордалық «Қайсар» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» командасын 2:1 есебімен сүріндірді.
Енді төртінші тур ойындары 29, 30, 31 шілде күндері өткізіледі.