Футболдан Қазақстан құрамасы Фарер аралдарына есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Фарер аралдарымен жолдастық кездесу өткізді.
Талғат Байсуфинов бұл кездесуге Қазақстан құрамасы сапында «Қайрат» командасының футболшыларын шақырған жоқ. Олар алматылық клубтың Чемпиондар лигасы бесінші турындағы Данияның «Копенгагенімен» кездесуге дайындығын жүргізеді. Сондықтан ел құрамасы сапында алғашқы минуттан сегіз жаңа футболшы шықты.
Қақпада Бекхан Шайзада тұрса, қорғаныста Наурызбек Жагоров, Нұрәли Әліп, Сергей Малый, Бағдат Қайыров болды. Ал жартылай қорғаныс пен Георгий Жуков, Дамир Қасаболат, Дінмұхамед Қараман, Элхан Астанов, Рамазан Кәрімов, Дәурен Жұматқа сеніп тапсырылды.
Екі құрама алғашқы минуттан бірден шабуылға көшті. Десе де фарерлік футболшылардың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде олардың қатарынан Петур Кнудсен 25-минутта гол соғып кетті.
Бұдан кейін Қазақстан құрамасы таразы басын теңеестіруге ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ.
Осылайша отандастарымыз қарсыласына 0:1 еесбімен есе жіберді.
Отандастарымыз 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде J тобында 8 ұпаймен 4 орынға тұрақтады. Олар Уэльстен екі мәрте (1:3, 0:1), Солтүстік Македониядан (0:1),
Бельгиядан (0:6) есебімен жеңіліп, Солтүстік Македония және Бельгиямен (1:1) тең түссе,
Лихтенштейнді (4:0, 2:0) екі мәрте тізе бүктірді.