Футболдан Қазақстан құрамасы Лихтенштейн қақпасына жауапсыз 4 гол соқты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынын Лихтенштейнге қарсы өткізді.
Матч барысында қазақстандық футболшылар жылдам гол соғуға тырысты. Дегенмен оған қарсыластар мүмкіндік бере қойған жоқ. Десе де құрама сапынан Ғалымжан Кенжебектің тамаша ойынымен көзге түсті. Оның кездесудің 26-минутында қарсыластар қақпасы маңында бірнеше футболшыны алдап өтіп, алыстан тепкен добы қақпа торында тулады. Одан кейін Ғалымжан командаласы Бахтиёр Зайнутдиновке пас шығып, соңғысы оны голға айналдыра білді.

Екінші кезеңде отандастарымыз шабуылды арттыра түсті. Ойынның 57-минутында Ғалымжан Кенжебек тағы бір мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Ал 81-минутта Әлібек Қасым есепті еселеп, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсті. Сол арқылы үш ойынға созылған жеңіліс сериясына нүкте қойды.

Еске салсақ, қазірге дейін қазақстандық футболшылар Бельгия (0:6), Уэльс (1:3, 0:1) пен Солтүстік Македония (0:1) құрамаларынан жеңіліп, Лихтенштейннен (2:0) басым түсті. Қазақстан құрамасы алдағы ойынын 13 қазанда Солтүстік Македонияға қарсы өткізеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы елордада Лихтенштейнмен кездесетінін жазған едік.