Футболдан Қазақстан құрамасы Солтүстік Кореямен жолдастық кездесу өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында Солтүстік Корея құрамасымен кездеседі.

Бұл жолдастық кездесу 17 ақпанда Корей Халық-Демократиялық Республикасы (КХДР) құрамасына қарсы өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
КХДР құрамасы – 1966 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарының қатысушысы. Сондай-ақ, 2010 және 2012 жылдары АФК Шақыру кубогында жеңіске жеткен.
Оқу-жаттығу жиыны Түркияның Белек қаласында 18 ақпанға дейін өтеді. Жиынның негізгі мақсаты - ұлттық құрамаға үміткерлерді қарау. Сондықтан бапкерлік штаб аталған жиынға ұлттық құрамаға үміткерлер мен жас ойыншыларды шақырды.
Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, дәл қазір ойын Өзбекстанның «Локомотив» (Ташкент) клубына қарсы өтіп жатыр. Бапкерлік штабтың шешімімен аталған ойын жабық режимде ұйымдастырылады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльс, Лихтенштейн, Солтүстік Македония және Бельгия командаларымен бірге J тобына түсті.
Ұлттық құрама іріктеу кезеңін 23 наурыз күні сырт алаңда Уэльске қарсы ойынмен бастайды. Үш күннен соң Лихтенштейнмен кездеседі. Екі ойын да сырт алаңда өтеді.
Осыған дейін футболдан Қазақстан құрамасы Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізетіні туралы хабарлаған едік.