Футболдан Қазақстан құрамасының бапкерлер құрамы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер құрамы толық белгілі болды.

 Талғат Байсуфинов
Фото: : Қазақстан футбол федерациясы

Қаңтар айында Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне үшінші рет тағайындалды.

Оған дейін Т. Байсуфинов 2016-2017 және 2020-2022 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас бапкері қызметін екі рет атқарды.

Ол сондай-ақ бірқатар отандық футбол клубында бапкер болды. Әр жылдары «Есіл-Богатырь» (Петропавл), «Ақсу», «Ертіс» (Павлодар), «Ақжайық» (Орал) клубтарын басқарып, сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасымен жұмыс істеді.

Футболшы мансабында «Ертіс», «Металлург», «Еңбек», «Экибастузец», «Жетісу» және «Восток» клубтарында ойнады.

Талғат Маруаұлы 2025 жылдың қазанында ұлттық құрама тізгінін үшінші мәрте ұстап, бас бапкер міндетін уақытша атқарды. Оның жетекшілігімен құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бірнеше матч өткізді. Атап айтқанда, Қазақстан ұлттық құрамасы Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Македония (1:1) және Бельгия (1:1) құрамаларымен тең түсті.

Алдағы уақытта бас бапкері Талғат Байсуфиновке Иван Азовский, Марат Еслямов, Елдос Ахметов көмекшілік етсе, Юрий Новиков қақпашылар және Мұхтар Ерімбетов дене даярлығы бапкері міндетін атқарады.

Айта кетейік, наурызда Қазақстан құрамасы FIFA Series 26 турниріне қатысады. Астанада өтетін жарыста Комор аралдары мен Кувейт/Намибия құрамаларына қарсы ойнайды.

Сондай-ақ биыл ұлттық құрама 2026/27 жылғы UEFA Ұлттар лигасында сынға түседі. Олар С лигасының үшінші тобында Словакия, Фарер аралдары және Молдовамен шеберлік байқасады.

Топтық кезеңде әр команда 6 матч өткізеді: үшеуі өз алаңында, үшеуі сырт алаңда. Ойындар 2026 жылдың қыркүйегінде басталып, қыркүйек, қазан және қараша айларындағы халықаралық терезелерде өтеді.

Осыған дейін «Атырау» футбол клубы сатылымға шығарылатыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум