Футболдан Қазақстан құрамасының бүгінгі қарсыласы - Кюрасао жайлы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Кюрасаомен ойнайды.

Кездесу 19 наурызда қазақстандық уақытпен 21:30-да басталады.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, екі тараптың келісімі бойынша матч жабық түрде өтеді. Мәтіндік және бейнекөрсетілім, негізгі құрам және бейнематериал болмайды, Ойын аяқталғаннан кейін фоторепортаж, матч нәтижесі мен гол авторлары хабарланады.
ФИФА рейтингінде Кюрасао құрамасы 91-орында тұр. Оларға әйгілі нидерландтық маман Дик Адвокат жетекшілік етеді.
Кюрасао құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында Солтүстік Америка және Кариб бассейні бойынша сынға түсіп жатыр. Қазір екінші іріктеу кезеңінде алты ұпаймен С тобында көш бастап келеді. Алғашқы екі ойында Барбадосты 4:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Арубаны 2:0 есебімен жеңді.
Енді олар 6 маусымда Сен-Люсиямен кездессе, 10 маусымда Гаитимен шеберлік байқасады.
Кюрасао құрамасы сапына негізінен Нидерланд чемпионатында сынға түсіп жүрген футболшылар шақырылған. Оған қоса АҚШ, Швеция, Германия, Австралия, Португалия, Кипр, Біріккен Араб Әмірлігі, Қатар елдерінде ойнайтындар бар.
2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы J тобында сынға түседі.
Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 22 наурызда сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.