Футболдан Қазақстан суперкубогы: «Тобыл» финалда «Астанамен» кездеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 2 наурызда футболдан 2021 жылғы суперкубогында финалға шыққан тағы бір команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан суперкубогы: «Тобыл» финалда «Астанамен» кездеседі

Бүгін жартылай финалда Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» кездесті. Ойын тартысты өтті деуге негіз бар. Командалар негізінен шабуылға жиі шығып жатты.

Есепті 9-минутта «Тобыл» ойыншысы Асхат Тағыберген ашты. Ойынның 40-минутта «Қайрат» сапынан Небойша Косович таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші кезеңнің 67-минутында алматылық Артур Шушеначев өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін қостанайлық клуб сапынан Сергей Малый 73, Серікжан Мужиков 75-минуттарда мергендік танытты. Ал 90-минутта алматылық клуб футболшысы Гүлжігіт Алықұлов гол соғып, қайтадан таразы басы теңесті. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, кездесу пенальти тебуге ұласты. Бұл жолы «Тобылдың» мерейі үстем болып, қостанайлық клуб финалға шықты.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Астана» финалға шықты.

Үшінші орын үшін сайыс 5 наурызда болса, финал 6 наурызға белгіленген.

Айта кетейік, аталған доп додасы Түркістан қаласындағы «Түркістан-арена» стадионында өтуде.

Аталған турнирдің жүлде қоры 40 миллион теңге. Ол жеңімпаз және жүлделі орындарға қол жеткізген командаларға беріледі.