Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын командалар анықталды
Футболдан клубтар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатына қатысатын барлық команда анықталды, деп хабарлайды Kazinform.

Дүбірлі дода Сауд Арабиясының Джидда қаласында 12-22 желтоқсан аралығында өтеді. Оған барлығы жеті команда қатысады.
Биыл әлем чемпионатында «Флуминенсе» (Бразилия), «Манчестер Сити» (Англия), «Леон» (Мексика),«Урава Ред Даймондс» (Жапония), «Аль-Ахли» (Египет), «Окленд Сити» (Жаңа Зеландия) және «Аль-Иттихад» (Сауд Арабиясы) сынға түседі.
12 желтоқсанда бірінші турда «Аль-Иттихад» пен «Окленд Сити» турнирді бастайды. Бұл жұптың жеңімпазы екінші турда 15 желтоқсанда «Аль-Ахли» командасымен кездессе, сол күні «Леон» мен «Урава Ред Даймондс» шеберлік байқасады.
Ал 18 желтоқсанда жартылай финалда «Флуминенсе» «Аль-Ахли» мен бірінші турдың жеңімпазымен болған кездесудің жеңімпазымен жасыл алаңға шығады.
Тағы бір жартылай финалда 19 желтоқсанда «Манчестер Сити» «Леон» мен «Урава Ред Даймондс» жұбының жеңімпазымен кездеседі.
22 желтоқсанда финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі. Бұл аталған форматта өтіп жатқан соңғы турнир. 2025 жылдан бастап клубтар арасындағы әлем чемпионатында 32 команда қатысады деп жоспарланып отыр.
Аталған дода 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін 11 команда жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда, Испанияның «Реал Мадрид» клубы - 5, «Барселонасы» - 3, Бразилияның «Коринтиансы» мен Германияның «Бавариясы» - 2, Англияның «Ливерпуль», «Челси», «Манчестер Юнайтед», Бразилияның «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Италияның «Милан» және «Интернационале» командалары бір-бірден жеңіс тұғырына көтерілді.