Футболдан ҚР чемпионаты: «Қайрат» көш соңында келе жатқан командадан жеңілді
Атыраулық клуб бұған дейін небәрі екі ұпаймен турнир кестесінде көш соңында келе жатқан болатын. Ал «Қайрат» үздік үшікте тұрған еді. Алты турдан кейін үш жеңіс, үш тең нәтижеге қанағат білдірген олар, 12 ұпайды еншіледі.
Бүгінгі кездесуде 47-минутта атыраулық Жасұлан Қайыркенов соққан жалғыз гол алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Атыраулық клуб қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Біріншілік барысында «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізсе, «Қайрат» тұңғыш рет қарсыласына есе жіберді.
Турнир кестесінде «Қайрат» 12 ұпаймен үздік үштіктен төртінші орынға төмен түсті. «Астана» олардан бес ұпайға ұзап кетті.
Бұған дейін екі ойынның нәтижесі белгілі болды. Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Тараз» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» клубына 0:1 есебімен есе жіберді. Елордалық «Астана» дәл осы есеппен Қарағандының «Шахтерін» тізе бүктірді.