Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы: «Челси» жеңіске жетіп, «Ювентус» тең түсті

Бұл күні «Вильярреал» (Испания) және «Ювентус» (Италия), «Челси» (Англия) және «Лилль» (Франция) командалары шеберлік байқасты.
«Вильярреал» және «Ювентус» кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталды. Итальяндық командадан Душан Влахович 1-минутта соққан голға испаниялық клубтан Дани Парехо голмен жауап қайырды.
«Челси» өз алаңында «Лилль» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ағылшындық клубтан Кай Хаверц 8, Кристиан Пулишич 63-минуттарда мергендік танытты.
Енді қарымта кездесу 16 наурызға белгіленген.
Айта кетсек, 23 ақпанда «Бенфика» (Португалия) мен «Аякс» (Нидерланды), «Атлетико Мадрид» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) командалары кездеседі.
Еске салсақ, 15 ақпанда «Пари Сен-Жермен» (Франция) «Реал Мадрид» (Испания) командасын 1:0 есебімен тізе бүктірсе, «Спортинг» (Португалия) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) клубынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.
16 ақпанда өз алаңында «Интер» (Италия) «Ливерпуль» (Англия) командасына 0:2 есебімен есе жіберсе, «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) және «Бавария» (Германия) ойынында 1:1 есебі тіркелді.
Фото: chelseafc.com