Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Англия Венгриядан жеңіліп қалды

Бұл күнгі басты кездесу А лигасы үшінші тобындағы Италия мен Германия арасында болды.
Матч барысында италиялық Лоренцо Пеллегрини 70-минутта есеп ашса, 73-минутта германиялық Йозуа Киммих таразы басын теңестірді. Осылайша құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Аталған топта сынға түсетін Венгрия Англияны 1:0 есебімен сүріндірді.
Ал В лигасы бірінші тобында Армения Ирландиядан 1:0 есебімен басым түсті. Бұл турдағы Шотландия және Украина кездесуі 21 қыркүйекке белгіленген.
Аталған лиганың үшінші тобында Финляндия мен Босния және Герцеговина 1:1 есебімен тең түссе, Черногория Румынияны 2:0 есебімен жеңді.
С лигасы бірінші тобында Литва Люксембургке 0:1 есебімен жол берсе, Түркия Фарер аралдарын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 5 маусымда Ұлттар лигасында екінші тур ойындары басталады.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы футболдан UEFA Ұлттар лигасын жеңіспен бастады.