Футболдан Ұлттар лигасы: Қазақстан Литваның осал тұсын таба ала ма
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футболшылар С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Албания, Беларусь және Литва құрамалары. Топтың жеңімпазы алдағы жылдарда В лигасында бақ сынауға мүмкіндік алады.
Мамандар бүгінгі кездесуде Қазақстан құрамасы жеңіске жетуіне барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Литва футболшылары бүгінгі күнге дейін жоғары жетістігімен көзге түсе қойған жоқ. Әлем және құрлық біріншілігі іріктеу кезеңінде негізінен төменгі орындарды місе тұтып жүр. Сондықтан бүгінгі кездесуде қазақстандық құраманың жеңіске жетуіне қолайлы жағдай туып тұрған жайы бар.
FIFA-ның айма-ай жарияланатын рейтингінде Литва құрамасы қазір 131-орында тұр. Ал Қазақстан ол рейтингте 118-орында келеді. Екі құрама бұған дейін бір мәрте ғана кездесті. 2014 жылдың 5 наурызында Түркияның Анталья қаласында өткен жолдастық кездесуде екеуі 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарқасты. Сол себепті бүгінгі ойын тұңғыш ресми кездесу саналады.
Литва құрамасы 1923-1940 жылдар арасында дербес ел ретінде түрлі жарыста бақ сынап келді. Одан кейін Кеңес одағы құрамында болды. Қаншама шебер футболшылар КСРО құрамасы сапында ойын көрсетті. 1990 жылдан бері қайтадан тәуелсіз мемлекет ретінде Литва құрамасы беделді бәсекелерде бақ сынап келеді.
Литва құрамасы сапындағы футболшылардың басым бөлігі өз елінің чемпионатында ойнайды. Сондай-ақ, Болгария, Израиль, Италия, Латвия, Польша, Сербия, Эстония, Хорватия чемпионаттарында бақ сынап жүрген футболшылар бар. Ал үш футболшы Қазақстан Премьер-лигасында ойын көрсетеді. Атап айтқанда, Петропавлдың «Қызылжарында» Витаутас Андрюшкявичюс, Талдықорғанның «Жетісуында» Артурас Жулпа, Жамбыл облысының «Таразында» Овидиюс Вербицкас бар.
Литва мен Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 22.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін аталған топтағы Беларусь және Албания құрамалары өзара шеберлік байқасады.
Қазақстан құрамасы келесі ойында 7 қыркүйек күні Алматыда Беларусь құрамасын қабылдайды.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан жастар құрамасы 3 қыркүйекте Черногорияға жеңіліп қалды.
Фото: kff.kz