Футзал: Қазақстан құрамасының қарсыластары өзара кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасы сынға түсетін бесінші топта бір ойын өтті. Аталған топтағы Венгрия және Беларусь құрамалары өзара шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын осы топта сынға түсетін Израиль және Қазақстан құрамаларының 28 қаңтарға белгіленген ойыны кейінге шегерілгенін хабарлаған едік.

Кездесу Ришон-ле-Цион қаласында өтуі тиіс болатын. Аталған мемлекетте 26-31 қаңтар аралығында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында халықаралық рейстер жабылды. Сондықтан аталған ойынды кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды.

Ал Венгрия және Беларусь құрамалары арасындағы кездесуде мажар футзалшылары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы турда венгриялықтар Қазақстаннан 0:5 есебімен жеңіліп қалған еді.

Ал Беларусь құрамасы сырт алаңда Израильді 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша турнир кестесінде Қазақстан, Венгрия және Беларусь құрамаларының қоржынында үш-үш ұпайдан бар. Олардан қазақстандық футзалшылардың бір ойыны кем. Соңғы орындағы Израиль әзірге ұпайға қол жеткізген жоқ.

Екінші турдағы Израиль мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойынның қашан өтетіні белгісіз. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) екі құрама арасындағы ойын өтетін жаңа мерзімді кейін белгілейтін болды.

Үшінші турда қазақстандық футзалшылар өз алаңында 2 наурызда Беларусьті қабылдаса, 3 наурызда Венгрия мен Израиль өзара кездеседі.

Соңғы жаңалықтар