Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Аят» хорватиялық «Олмиссумнан» жеңілді
Қазақстандық «Аят» футзал клубы бүгін футзалдан Чемпиондар лигасы негізгі сатысында алғашқы ойында жеңілді, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық клуб бірінші топта ойнайды. Қарсыластары – Португалияның «Спортинг», Хорватияның «Олмиссум» және Украинаның «Хит» командалары.
Бүгін «Аят» алғашқы ойынын «Олмиссум» командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында командалар алма-кезек шабуылға көңіл бөлді. Дегенмен бірінші кезеңнің соңына дейін таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Соңғы минутта хорватиялық клуб ойыншылары бір гол енгізді.
Екінші кезеңде командалар екі-екіден гол соқты.
Осылайша «Аят» 2:3 есебімен есе жіберді.
Енді олар 26 қазанда «Спортингпен», 28 қазанда «Хит» клубымен кездеседі.
Сондай-ақ Алматының «Қайраты» үшінші топта сынға түседі.
Қарсыластары – «Мальорка Пальма» (Испания), «Халадаш» (Венгрия), «Дифферданж 03» (Люксембург).
Бұл топтағы ойындар 26-29 қазан аралығында Пальма де Мальорке қаласында болады.