Футзалдан чемпиондар лигасы: «Қайрат» алғашқы ойынында «Халадашты» жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алғашқы кездесуінде алматылық «Қайрат» Венгрияның «Халадаш» командасынан басым түсті.

футзал
Фото: kazfootball.kz

Кездесу барысында алматылық клуб жинақы ойын көрсетті. Олардың қатарынан Невес де Лима 7, Эдсон Сантос 10-минутта мергендік танытты.
Екінші кезеңде Кевин Арриета 28-минутта есепті үстемелесе, қақпашы Деннис ашық тұрған қақпаға гол соқты.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсті.
Енді қазақстандық команда 23 қазанда Семейдің «Елімай» клубымен шеберлік байқасса, 25 қазанда Португалияның «Спортинг Лиссабон» клубымен кездеседі.
Аталған турнирде алматылық команда бұған дейін 20 мәрте бақ сынап үлгерді. Бұл Еуропа құрлығындағы командалар арасында абсолютті рекордты тіркеді.
«Қайрат» 2012/13, 2014/15 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында жеңіс тұғырына көтерілген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Абай облысының «Семейі» Португалияның «Спортинг Лиссабон» клубына 4:6 есебімен жол берді.