Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» «Добовецті» 7:0 есебімен жеңді

«Қайрат» футзал командасы бүгін Чемпиондар лигасы элиталық сатысындағы екінші ойынын Словенияның «Добовец» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazіnform.

футзал
Фото: Pixabay

Қазақстандық команда Косовоның Приштина қаласында В тобында сынға түсті. Қарсыластары – «Бенфика» (Португалия), «Добовец» (Словения) мен «Приштина» (Косово).

Бүгінгі кездесуде қазақстандық клуб жинақы ойын көрсетті. Ойынның 3-минутында словениялық қорғаушы өзінің қақпасына гол соғып алды. Одан кейін «Қайрат» сапынан Кайо Руис – 15, Дуглас Жуниор 17-минутта есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде қазақстандық команда сол басымдықты арттырды. Нәтижесінде Алекс Виана – 22 және 40, Біржан Оразов – 23, Альберт Ақбалықов 28-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, қазақстандық ұжым қазірге дейін «Бенфикадан» 2:3 есебімен жеңілсе, «Приштинаны» 11:2 есебімен сүріндірді.

Турнир кестесінде «Бенфика» мен «Қайрат» командаларында алты ұпайдан бар. Өзара кездесуінде жеңіске жеткен португалиялық клуб «Төртеудің финал» сатысына жолдама алды.

Қазақстандық команда Чемпиондар лигасында биыл қаңтар айында 20 мәрте бақ сынады. Бұл Еуропа құрлығындағы командалар арасында абсолютті рекордты тіркеді.

Сондай-ақ алматылық клуб 2012/2013, 2014/2015 жылдарда аталған турнирде жеңімпаз атанған еді.

Соңғы жаңалықтар