Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сырт алаңда «Андерлехтті» жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізді.

Футзалдан Чемпиондар лигасы:
Фото: AFC Kairat Futsal Facebook парақшасынан

Алматылық команда бұл жолы сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» клубымен шеберлік байқасты.

Кездесу басталған сәттен қазақстандық клуб жылдам гол соғып үлгерді. Бұл голды 1-минутта Кайо Руиз өзінің еншісіне жазды. Көп ұзамай оған бельгиялық команда үш голмен жауап берді. Олардың қатарынан Ранжел 2, Грелло 3-минутта мергендік танытса, 10-минутта Эрик Фанес көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Өз қақпасына қатарынан үш гол жіберіп алған алматылық команда бірінші кезең біткенге дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Оны Атирсон Сильва 11, Лукас Отанья 12-минутта өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде алматылық клуб ойын басында қатарынан екі гол соқты. Команда сапынан Дәурен Тұрсағұлов 21, Атирсон Сильва 26, Біржан Оразов 29-минутта көзге түсті.

Ал Лукас Отанья «Андерлехт» командасының бос қалған қақпасына гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 7:3 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, алматылық клуб негізгі кезеңде төртінші топта Косовоның «Приштина» командасын 4:1, хорватиялық «Ново Вриемені» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, Португалияның «Спортингтен» 2:7 есебімен жеңіліп қалды

Енді командалар 5 желтоқсанда Алматыда қарымта кездесу өткізеді.

Айта кетсек, қазақстандық «Семей» жарыстың аталған сатысында өз алаңында Польшаның «Пяст» клубымен 3:3 есебімен тең түсті.

 

Соңғы жаңалықтар